Қостанайлық ұстаздар қомақты ақшаға бола бір-бірімен соттасып жатыр
Қостанай қаласындағы колледж оқытушысы мен директорының арасындағы кикілжің соңы бірін-бірі сотқа сүйреуге жеткізді. Енді облыс орталығындағы біршама судент білім алып жатқан белді оқу орынының ұстазы мен басшысы арасындағы дау сотта «жала жабу» туралы бабы бойынша қаралып, ақ-қарасы анықталмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.
«Қостанай тұрмыстық қызмет көрсету» колледжінің педагог-дефектологі Екатерина Комисароваға қатысты әкімшілік іс 10 наурыздан бері «Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған» сотта қаралып жатыр. Ұстазды сотқа берген өзі қызмет етіп жатқан білім ордасының басшысы Айгүл Нұркина.
Колледж директоры Айгүл Нұркина Екатерина Комиссарованы ӘҚБтК 73-3-бабының 2-бөлімі бойынша жала жабу, яғни «ар-намысым мен қадір-қасиетіме нұқсан келтіріп, беделімді түсірді. БАҚ-ты пайдалана отырып жалған мәліметтер таратып, баршаға жариялады» деп айыптайды. Бұл бап бойынша жауапқа тартылған тұлға айыпты деп танылса, оған 180 АЕК яғни 621 000 теңге мөлшерінде айыппұл салу немесе 20 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазалары қарастырылған.
2020 жылдың қаңтар айында Екатерина Комиссарова банктен 4 млн теңге несие алған. Қаражатты басшысы Айгүл Нұркинаға қарызға берген екен. Содан бері арада бірнеше жыл өтсе де қарызы қайпаған. Салдарынан Екатеринаның банк алдындағы берешегі әлі 2 млн теңгеден асадды екен. Қарыз салдарынан ол басқа елге қоныс аудару ниетін де кейінге шегеруге мәжбүр болған.
Осы жылдың қаңтарында ол өзі секілді жағдайға тап болған тағы бір әріптесімен бірге полицияға арыздаған. Арыз бойынша тәртіп сақшылары Айгүл Нұркинаға қатысты іс қозғап, жауап алған тергеуші жәбірленушілер мен Айгүл Нұркинаны тергеп «әрекетте қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты» сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулы шығарады. Осыдан кейін ұстаз басшысына шағымданып, жергілікті БАҚ-тарға барады. Айгүл Нұркина сол сәтте бұл мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартады.
Сот отырысы Айгүл Нұркинаның мүддесін қорғаған адвокат Марат Шуақпаевтың өтінішімен басталды. Ол сот процесін жабық өткізуді сұрады.
Істі қарап жатқан судья Елена Лымарь өтінішті қанағаттандыруға заңды негіздердің жоқтығына байланысты оны қабылдамайтынын айтты.
27 қаңтарда жауапты Комиссарова шағымданушы Нұркинаның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтерді облыстық басылым арқылы таратып, оған алаяқтық жасағаны туралы орынсыз айып таққандығы туралы арыз келіп түсті, - деді судья.
Екатерина Комиссаровадан жауап алынды.
Мақалада жарияланған барлық ақпарат ақиқат. Менің тарапымнан оған ешқандай жала жабылған жоқ. Мақала БАҚ беттерінде жарияланбай тұрып, Нұркинаға журналист хабарласты, ол өзі түсініктеме беруден бас тартты. Сондай-ақ, қоса берілген жауап алу хаттамасында Нұркинаның қарызы бар екеніне келісіп, оны төлейтіні жайында деректер бар. Ол мені газеттегі мақалада өзінің жеке деректерін (ЖСН) пайдаланды деп айыптайды. Бірақ бұл өтірік. Мен Нұркинаның ЖСН-ін білмеймін, еш жерде пайдаланған емеспін, - деді Екатерина.
Екатерина Комиссарованың айтуына қарағанда, колледж қызметкерлері Нұркинаның қарыздары туралы хабардар. Өйткені, қарызы бар адамдар колледжге бірнеше рет келіп, жанжал шығарған. Мақаладағы көрсетілген мәліметтердің анық-қанығына көз жеткізу үшін Нұркинаның несие тарихын тексеру жеткілікті екен. Сондай-ақ, WhatsApp желісі арқылы Нұркинамен хат-хабар алмасқан. Онда директор денсаулығына байланысты қарызын төлеуді кейінге қалдыру туралы өтініпті.
Комиссаровадан сотта жауап алу барысында Нұркинаның 4 миллион теңге несиесін өтеуге міндеттейтін келісімді сотқа ұсына алмайтыны белгілі болды. Айыпталушы директордың қарыз екенін білетін куәгер барын айтты. Ол оқу орны басшысының жүргізушісі екен.
Сіз кейіпкер болған мақаланың тақырыбы «Қостанай колледжінің оқытушысы директорды алаяқтық жасады деп айыптайды» деп көпшіліктің назарын аударатындай мақала. Ал алаяқтық қылмыстық жаза қолданатын, әлеуметтік қауіпті әрекет. Айтыңызшы, сіз тілшіден осындай атаумен мақала жариялауды сұрадыңыз ба? Мұндай атауды беру бастамасы кімге тиесілі? Сіздің ойыңызша, Нұркинаның іс-әрекетіндегі алаяқтық неде?, - деп сұрады Айгүлдің қорғаушысы Шуақпаев.
Оған айыпталушы Екатерина Комиссарова былай деп жауа берді.
Мен білмеймін, өйткені мен мақала жазу барысына қатысқан жоқпын. Тақырып осындай болуы керек деп талқылағанымыз жоқ. Мен атауды ойлап тапқан жоқпын. Журналист менімен келіскен жоқ. Бөгде адам менен қарыз алған кезде алдады, - деді Комиссарова.
Ал арызданушы Айгүл Нұркина сотта денсаулық жағдайына баланысты видеобайланыс арқылы сотқа қатысуға рұқсат алды.
Комиссарова біздің колледжде 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Дәл осындай жағдай бойынша оның бұрынғы жұмыс орны басшысы қоңырау шалып, оның мұндай мінез-құлқы бар екенін айтты. 6 желтоқсаннан бастап бүгінгі күнге дейін біздің ұжым қызметкерлері қоңырау шалып, Комиссарова қауесет таратып, мені алаяқтық жасады деп айтып жүргенін естідім. Мен оған ешқандай қолхат бермедім. Несиені мен алған жоқпын. Маған қатысты соттан ешқандай талап-арыз жоқ. Мақалада айдан анық маған жала жабылды. Сондықтан, өзім және отбасы мүшелерімнің іскерлік беделіне, денсаулықтарына нұқсан келді. Мақаланың шығуына байланысты қызым бір апта мектепке бармады. Қызымды парталас достары қорқытқан. Сыныбында оқитын екі қыз мақаланың скриншотын түсіріп, оған жіберген,- дейді директор Айгүл.
Комиссарованың адвокаты Авелина Морозова Айгүлге келесі сұрақтар қойды.
Сіз Комиссаровадан 4 млн теңге алғаныңызды мойындайсыз ба? Ақшаны төлейсіз бе? - деп сұрады Нұркинадан Комиссарованың адвокаты Авелина Морозова.
«Күйеуіммен 2020 жылы ақша алдық. Күйеуім ол қарызды толық төледі. Оның банктегі есепшотына ақша аударды. Менің бұл несиеге ешқандай қатысым жоқ. Менің WhatsApp-та Комиссаровамен хат алмасуым бар. Жұбайының айтуынша, соңғы рет төлеген сома алдыңғы облыстық мақалада көрсетілгеннен әлдеқайда аз болған. Мен чектерді кейін сотқа ұсынамын» деп жауап берді Нұркина.
Осылайша бірін-бірі сотқа сүйреген қостанайлық ұстаздарың дауына байланысты соттың нәтижесі алдағы уақыта белгілі болмақ.