Қостанайлық шаруа әлемнің «100 қаһарман әйелі» қатарына енді
Қостанай облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнара Қуанышбаева БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) «100 қаһарман әйел» қатарына енді. Әлемнің 131 елінен 600-ден астам үміткер ұсынылған бастама аясында оның ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі халықаралық деңгейде бағаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ФАО бас директоры Цюй Дунъюй қазақстандық шаруаға құттықтау хат жолдап, Римдегі ұйымның бас кеңсесінде өтетін марапаттау рәсіміне шақырған. Салтанатты шара 2026 жылғы 12-16 қазан аралығындағы Дүниежүзілік азық-түлік апталығы аясында ұйымдастырылады.
Құттықтау хатында Гүлнара Қуанышбаеваның көшбасшылық қасиеті, өз ісіне адалдығы және ауылдық аумақтарды дамытуға қосқан үлесі аталып өткен.
Сіз өз еңбегіңізбен әйелдердің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндіру жүйесін қалай өзгертетінін, ауыл тұрғындарының тұрмысын қалай жақсартатынын, табиғи байлықтарды қалай қорғайтынын, жергілікті қауымдастықтардың мүмкіндіктерін қалай кеңейтетінін және келер ұрпаққа жаңа жол ашатынын көрсеттіңіз, – делінген шақыру хатында.
«ФАО-ның 100 қаһарман әйелі» бастамасы 2026 жылғы Халықаралық шаруа әйел жылы аясында әйелдердің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндіру жүйесін өзгертуге, ауылдық аумақтарды дамытуға қосқан үлесін танытуға бағытталған.
Есепшіліктен басталған еңбек жолы
Білімі бойынша экономист әрі заңгер Гүлнара Қуанышбаева еңбек жолын кеңшарда есепші болып бастаған. Кейін жеке шаруашылық құруға бел буып, 2007 жылы шаруа қожалығын ашқан.
Бүгінде шаруашылықтың жер көлемі 3 мың гектардан асады. Қожалық өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мал азығын дайындайды. Сонымен қатар ірі қара өсіру, бордақылау және сиыр етін өндірумен айналысады.
Гүлнара Қуанышбаева мал азығы қорын қалыптастыруға ерекше мән береді. Оның пікірінше, мал шаруашылығының тұрақты дамуы сапалы жем-шөпке, ғылыми негізделген тәсілдерге және ұзақмерзімді жоспарлауға байланысты.
Ол мамандандырылған Мал азығы корпорациясын құрып, жем-шөп дайындауға заманауи ғылыми әдістерді енгізуді қолдайды. Шаруаның пайымынша, бұл мал шаруашылығын нығайтып, тұрғындарды сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өмірдегі ұстанымым – қандай іске кіріссем де, жақсы нәтижеге жетуге ұмтылу. Өйткені қиындық пен сынақ қайратты жандарға беріледі, – дейді Гүлнара Сағымбайқызы.
400 сиырға арналған ферма салынып жатыр
Қазір шаруашылықта сүтті мал шаруашылығын дамытуға арналған жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр.
Ол 2025 жылы 400 сиырға арналған сүт фермасын салу үшін жеңілдетілген несие алуға өтінім берген. Жоба 2026 жылы Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында қолдау тапқан.
Құрылыс жұмыстары сәуірде басталды. Ал қараша айында шаруашылыққа 400 бас қашар әкелу жоспарланған. Жаңа ферма қожалықтың өндіріс ауқымын кеңейтіп, сүт өндіру бағытын дамытуға мүмкіндік бермек.
Гүлнара Қуанышбаеваның еңбегі бұған дейін де ел көлемінде танылған. Ол 2021 жылы «Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі әйелдердің 100 табыс тарихы» жобасына енген. Енді қостанайлық шаруаның ауылды дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесі ФАО бастамасы аясында халықаралық деңгейде мойындалып отыр.