Қостанайлық фермерлер "Кең дала 2" бағдарламасының игілігін көріп отыр

Аграрлық несие корпорациясы көктемде жаңа «Кең дала 2» бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл бағдарламаның игілігін Қостанай облысының фермерлері көрді. Мәселен, 10 мың гектарға арпа, бидай сұлы егетін «Нұр Тоба» ЖШС аталмыш бағдарлама арқылы 5%-бен несие алып, шаруасын ойдағыдай атқарған.

Aграрлық несие корпроациясы шаруаларға тиімді шарттармен қолдау көрсетеді. Қазір үстемесі 5% болатын «Кең дала-2» бағдарламасы жүріп жатыр. Егінімізді жинап болған соң 2025-жылғы жоспарымызды қарап, құжат тапсырамыз. Егер мұндай бағдарламалар болмаса қиналып қаламыз, - дейді «Нұр Тоба» ЖШС директоры Ермек Жұмабеков.

Қостанай облысының Алтынсарин ауданындағы «Балталы Ltd» де аталмыш бағдарламаның игілігін көрген. Олар несиені тиімді пайдаланып, егін егу жұмыстарын сәтті жүргізген. Тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмектерін де қамдап алған. Серіктестіктің агрономы Василий Капистерницкий Аграрлық несие корпорациясының қолдауының арқасында жұмыстары дер кезінде атқарылғанын айтады.

Биыл ауа райы аса қолайлы болған жоқ. Дегенмен орташа есеппен гектарынан 12 центнерден өнім алып жатырмыз. Бағдарлама арқылы алған несиенің көмегі көп болды, - дейді «Балталы Ltd» ЖШС агрономы.

Аграрлық несие корпорациясы биыл еліміздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін 420 млрд теңгеден астам сомамен қаржыландырған. Оның 320 млрд теңгесі егін егу мен жиын-терім жұмыстарына жұмсалған.

Мемлекеттік қолдаудың жаңа маханизміне сәйкес кепіл мүлкі жетпейтін фермерлердің «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша алған қарыз сомасының 85%-ын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіретін болды. Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыру жолдарын ұлғайту арқылы фермерлер үшін қолайлы жағдайлар жасады. Несиені Корпорация филиалдарынан, кредиттік серіктестіктер, екінші деңгейлі банктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және микроқаржы ұйымдары арқылы алуға болады.

Өткен жылы Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржының қаржыландыру көлемі 554,7 млрд теңгені құрады. Биыл жыл соңына дейін қаржыландыру сомасы 700 млрд теңгеден асады деп жоспарлануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Аграрлық несие корпорациясы
Өзгелердің жаңалығы