Қостанайға Африка елдерінен офицерлер келді
Африкалық офицерлердің Қостанай жеріне әдейлеп келуінің басты себебі сотталғандармен жұмыс істеуде өзара тәжірибе алмасу деп хабарлайды Өостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін алыстан ат терлетіп келген қонақтардың қатысуымен ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында дөңгелек үстел өтті.
Бастама Қазақстан 2019 жылы сотталғандар арасындағы экстремизм мен терроризмге қарсы тұру жөніндегі ЕО-БҰҰ жаһандық бағдарламасына мүше болғандықтан жүзеге асып отыр. Осы уақыт аралығында Қостанай академиясы сотталғандардың арасынан радикалды көзқарастан арылтып, олардың қоғамға қайта оралуын қамтамасыз ететін түрме және пробация қызметінің қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыруда тыңғылықты істер тындылыпты.
Оны Уганда мен Тунистің қылмыстық-атқару қызметтерінің делегацияларды да жоғары бағалап отыр. Шара барысында Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі мен оның кадрлық құрамының жалпы таныстырылымы болды.
Сондай-ақ, Тунис пен Угандадан келген тәртіп сақшылары өз елінде экстремистік және террористік қылмыстар үшін сотталғандармен жұмыс істеуге қызметкерлерді оқыту туралы баяндап, осы саласында ведомствоаралық ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісті.
Сапар барысында қонақтар пробация қызметінің, қылмыстық атқару қызметінің экстремистік идеологияға қарсы күрес жөніндегі мамандарды даярлау орталықтарымен танысты.
Бұл кездесу экстремистік және террористік қылмыстар үшін сотталғандармен жұмыс істеу және пенитенциарлық мекемелердегі зорлық-зомбылық радикалданудың алдын алу жөніндегі ЕО БҰҰ бірлескен жаһандық бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Бағдарламаны Қазақстанда 2018 жылдан бастап БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, БҰҰ терроризмге қарсы комитетінің атқарушы дирекциясымен бірлескен серіктестік шеңберінде жүзеге асып отыр, - дейді ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының баспасөз хатшысы Сәуле Нұрпейісова.