Қостанайдағы су қоймаларындағы су деңгейі 1,5 метрге дейін төмендеді
Бұл туралы Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тукушев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуынша, бүгінгі таңда аймақ бойынша су тасқыны ерекше бақылауда.
Қостанай және Арқалық қалалары мен Амангелді, Жанкелді, Қарасу, Қостанай аудандарының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы ТЖ жарияланған режимі қолданысын жалғастыруда. 12 сәуірдегі жағдай бойынша облыстың су қоймаларындағы су деңгейі орта есеппен 1,5 метрге дейін төмендеді, - деп атап өтті Өміржан Тукушев.
Алайда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Желқуар, Амангелді су қоймалары ерекше назарда.
Облыс бойынша су тасқыны кезінде барлығы 9099 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның 1808 - і балалар. ТЖ жоюға 2 495 адам және 387 бірлік техника, 147 мотопомпа және 32 жүзу құралдары. Ағымдағы тәулікте, облыс бойынша 17 707 текше метр еріген су сорылды (су тасқыны басталғаннан бері барлығы – 866 538 текше метр). Су тасқыны басталғаннан бері 200 мыңнан астам қап төселіп, 7,6 мың тонна инертті материалдар құйылды. Жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Тәулік бойы, республикалық және облыстық жедел штаб жұмыс істейді, еріген су басудың ықтимал тәуекелдеріне үздіксіз мониторинг жүргізілуде, - деді ТЖД өкілі.
Белгілі болғандай, жедел желіге ақпараттық сипаттағы 203 қоңырау келіп түсті, оның ішінде 9 азаматқа шұғыл психологиялық көмек көрсетілді.