Қостанайдағы резиденция реабилитациялық орталық болады
Жұмыс тобының шешімімен аймақтық резиденцияны психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балаларға арналған Реабилитациялық орталыққа бейімдеу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, аймақтық резиденцияның алдағы уақыттағы қызметін айқындау мақсатында Қостанай облысы әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қоғам өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірқатар ұсыныс, тілектері тыңдалды.
Жұмыс тобының шешімімен аймақтық резиденцияны психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл қозғалысына зақым келген балаларға арналған Реабилитациялық орталыққа бейімдеу туралы шешім қабылданды. Жаңа орталықта емге мұқтаж балаларға арнайы әлеуметтік көмек көрсетіліп, емдік бағыттағы әлеуметтік реабилитациялық жұмыстар атқарылатын болады. Ем-шара қабылдау мерзімі 14 тәуліктен 21 күнге дейін ұзартылады, делінген хабарламада.
Халықты әлеуметтік қорғау бағытына сәйкес, бұған дейін мүгедектігі бар балаларға Қостанай облыстық реабилитациялық орталығында сауықтыру жұмыстары жүргізіліп келген болатын.
Нақты балаларға арналған бөлімше 2021 жылдың қыркүйегінде ашылды. 2022 жылы бұл арада 191 бала 14 күндік ем қабылдау мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы облыс бойынша психоневрологиялық ауытқуға ұшыраған, тірек-қимыл қозғалысына зақым келген екі мыңға жуық бала бар.
Жаңадан құрылатын Реабилитациялық орталық жыл сайын осындай дертке шалдыққан 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 900 баланы емдеуге, реабилитациялық қолдау көрсетуге мүмкіндік бермек.
Аталған орталықта логопод, дефектолог, реабилитолог сондай-ақ денені уқалау, емдік дене шынықтыру, сумен емдеу іспетті қызметтер көрсетіледі.
Резиденцияны реабилитациялық орталыққа айналдыру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады. Бөлінген қаражатқа ғимаратты мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімдеу, реабилитациялық құрал-жадықтармен қамтамасыз ету іспетті жұмыстар атқарылады.
Биыл ғимаратты қайта жабдықтау үшін жобалау-сметалық құжаттарға тапсырыс беріліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары да ертерек басталатын болады.