Бүгiн 2026, 17:30 Фото: ©BAQ.KZ/Айым Серікбайқызы

Қостанайдағы "қымбат" кофе: Тұтынушы жәндігі бар сусын үшін 100 мың теңге "алды"

Қостанайда қарапайым кофе аппаратынан сусын сатып алған тұрғын күтпеген жағдайға тап болды. Стакандағы кофенің ішінен жәндіктерді көрген ер адам үнсіз қалмай, өз құқығын соңына дейін қорғап шықты.

Оқиға 2025 жылдың қараша айында болған. Жергілікті тұрғын сауда павильондарының бірінде орналасқан автоматтан кофе сатып алған.

Сол кезде сусынның ішінде де, аппараттың сыртында да жәндіктер өріп жүргенін байқаған. Сондай-ақ, аппараттың сыртында сатушы немесе кәсіпкер туралы ешқандай ақпарат болмаған. Сол себепті тұтынушы сол жерде бірден наразылық білдіре алмаған. 

Тұтынушы алдымен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарласқан. Тексеру нәтижесінде нысанда санитарлық нормалардың бұзылғаны расталып, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Одан кейін Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арыз жазған.

Нәтижесінде сауда автоматы орнынан алынып, жалдау шарты бұзылған.

Сондай-ақ, тұтынушы сотқа жүгініп, сапасыз тауар үшін ақшасын қайтаруды және моральдық зиянды өтеуді талап етті.

Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітілді, оның шарттарына сәйкес жауапкер талапкерге 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысын төлеуге міндеттенді. Медиациялық келісімнің бекітілуіне байланысты іс бойынша өндіріс тоқтатылды, - делінген Қостанай соты хабарламасында.