Қостанайдағы қанды қылмыс: әйелін және енесін аяусыз өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Қостанай облысында 45 жастағы ер адам әйелін және оның анасын пышақтап өлтіргені үшін 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қылмыстан кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға шілде айының ортасында болған. Аудан орталығында тұратын Логунов 39 жастағы жұбайын және оның 74 жастағы анасын пышақтап өлтірген. Осыдан кейін ол қашып кеткен. Ер адамды бүкіл Қарабалық аумағында іздеген полицейлер біраз уақыттан соң оны сарайдың ішінен тапқан. Сол сәтте Логунов ауыр жарақат алған, өз-өзіне пышақ жарақатын салғаны анықталды.

Күдікті жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген соң қамауға алынған.

Іс бойынша сот процесі жабық түрде өтті. Бұл шешім жеке өмірге қатысты мәліметтердің құпиялығына байланысты қабылданған. Алайда белгілі болғандай, мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыға 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Логунов кінәсін ішінара ғана мойындаған.

Сот үкімімен айыпталушы орта қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу шартымен 19 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ сот моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талапты толық көлемде қанағаттандырған. Алайда өтемақы сомасы нақты көрсетілмеген. 

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы