Қостанайдағы Новонежинка тұрғындарының басын қатырған қоқыс полигоны
Алақандай ауыл шетіндегі жылдар бойы қараусыз жатқан қоқыс полигоны қазір лық толы. Сорақылығы соншалықты арнайы қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін орынға бөлінген жердің шекарасынан асып кеткендіктен, қазір Новонежинка өзі қоқыстың арасында қалу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ Қостанай өңіріндегі тілшісі.
Ауыл тұрғындары жыл өткен сайын бұл мәселенің ушығып бара жатқанын алға тартса да, не ауыл, не ауданның әкімі бір шешімін табуға асығар емес. Іргедегі қоқыс төгетін полигонның новонежиндіктерге үрей туғызатын нысанға айналуына бірнеше себеп бар екен. Жергілікті тұрғындардың кейбірі осы қоқыс мәселесін шешуге оңтайлы ұсыныс жасап та отыр. Бірақ, оны әкімдік неге екені белгісіз естімей отыр.
Біздің қоқыс төгетін орынға бақылау жасайтын ие керек деп бастады әңгімесін жергілікті Василий Жуков есімді тұрғын. Василий Новонежинкадағы лық толы қоқыс төгетін полигонның жағдайын баяндап әлеуметтік желі арқылы өзі бейне үндеу де жолдапты. Бірақ, одан да келіп кетер нәтиже болмағандықтан БАҚ өкілдеріне хабарласуға тура келген.
Бір қызығы бұл ауыл Қостанайды Астанамен байланыстыратын республикалық күре жолдың бойында орналасқан. Қоқыс полигоны да осы жолға дейін бірнеше жүз метр жерде көрініп тұр. Осы көріністі жолдың бойымен өткен әкімдіктегілер көріп жүрген де болар.
Мүмкін бұл жерде ауыл әкімінің кінәсі жоқ та шығар. Мұндағы тау –тау болып үйіліп жатқан қоқыстар көп жылдар бойы жиналғандықтан осылай болып отыр. Бір жағы қоқыс полигонын пайдаланарда тұрғындар да саналы болуы керек қой. Қоқыс төгудің жөні осы деп кез келген жерге бей берекет төгіп тастамай. Ендігі басты мәселе мына таудай болып тұрған қоқыс үйінділерінен құтылу керек. Жер қазып көміп, жаймалау жұмыстары мүлдем жүрмеген. Бір сөзбен айтқанда қоқыс төгуді бір ізге салатын полигонның иесі керек. Ие болса тәртіп те орнайды, - дейді ауыл тұрғыны Василий Жуков.
Осы тығырықтан шығу үшін ауыл тұрғыны мәселені шешудің бірнеше нұсқасын ұсынады. Біріншісі, көп жылдар бойы полигон аумағында қалыптасқан шұңқырды қоқыспен толтыруға жылдам кірісу керек екен. Себебі, осы қоқыстың аумағынан құрылысқа қажетті топырақ алып келіпті. Сол қазылған орлар өте терең жайылып кеткен полигондағы қоқыстармен толтырса ауылға төнген қауіптің беті сейілмек.
Осы мәселенің мән-жайын анықтап, тұрғындардың өтінішін арқалап, аудан әкіміне жолыққанда келесідегідей жауап алдық.
Қазір осы полигонға жауапты, «Әулиекөл-Сервис» ЖШС. Қоқыс орны осы мекеменің балансында тұр. Олар полигонды кеңейту үшін қосымша екі гектар жер бөлу туралы өтінішпен әкімдікке сұраныс берді. Жақында тұрғындарды мазалап отырған қоқыс мәселесінің шешімі табылып қалады,- деп жауап берді Әулиекөл ауданының әкімі Ерлан Теменов.
Осы орайда көкейде тағы бір заңды сұрақтар туындайды. Сонда тау болып үйіліп жатқан қоқыс «Әулиекөл-Сервис» ЖШС тиселі болса неге оны осындай адам шошырлық дәрежеге жеткізді? Оған неге бақылау жасамады? Олар үшін қоқысты дайын жатқан шұңқырларға көмбей, қосымша жер алып , маңайын бұлғап отыра беру керек пе? Әлде қоқыс төгетін жер қосымша құрылысқа қажет құм өндіретін табыс көзі болып отырғанына кім кепілдік бере алады. Бұл мәселелер арнайы құзырлы органдардың назарына ілінеді деген үміттеміз.
Ауылдық әкімдік полигон аумағын мелиорациялау және жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартты. Біз оған барып көз жеткіздік. Біз барғанда қоқыс аумағында бірнеше техника жұмыс істеп тұр екен. Олар полигонға кіре берістегі шұңқырды қоқыстармен толтырып, тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатты. Техникалардың басым бөлігі жергілікті ЖШС мен ШҚ тиесілі болып шықты. Сонда, осы қоқысқа жауапты «Әулиекөл-Сервис» ЖШС техникалары қайда екен?
Сондай-ақ, Василий Жуков мал қорадан шығарылған қарапайым көңді кәдеге жаратудың жаңа бір тетігін ұсынып отыр. Ол үшін полигон жанынан жергілікті тұрғындардың қорасынан шыққан көңді таза қалпында үйіп, сақтау. Бұл қалдықтарды содан кейін бау-бақша өндірісіне енгізу. Қазір расында бау-бақша өсіретін үлкен егістіктері бар шаруалар осындай таза табиғи тыңайтқышты тоннасы қанша теңге болса да сатып алуға таппай жүр.
Осыған ұқсас жұмыстар облыстың басқа аудандарында да жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының жеке аулаларынан көңді тегін алып, оны бір жерге жинап, содан кейін егістікке апаратын кәсіпорындар бар. Бір жағынан, олар ауылдар аумағындағы рұқсат етілмеген қалдықтар мәселесін шешеді, ал екінші жағынан қоқысқа толы полигон мәселесін шешеді, - Василий Жуков.
Әулиекөл ауданының әкімдігі бұл тәсілге қызығушылық танытып отыр екен. Аудан әкімі қазір Ерлан Теменов көң төгетін арнайы қойманы жабдықтау мүмкіндігін қарастырып жатқандарын атап өтті. Мұндай тәсілдер, бір жағынан, полигонның нақты иесін табуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, жергілікті тұрғындардың қоқыс мәселесін шешуге жол ашады.