Қостанайдағы форумда 700 млрд теңгеден астам сомаға келісім жасалады
Қостанайда «Kostanay Invest 2023» инвестициялық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
3-4 тамызында Қостанайда «Қостанай облысының инвестициялық әлеуеті: экономиканың жаһандық трансформациясы жағдайындағы басымдықтар мен мүмкіндіктер» тақырыбында «Kostanay Invest 2023» инвестициялық форумы өтіп жатыр. Іс-шара Қостанай облысының бірегей инвестициялық әлеуетін ашуға бағытталған.
«Kostanay Invest 2023» – бұл өңір бизнесі мен экономикасын дамытуға бағытталған жанжақты байланыс орнатып, нығайтуға ықпал ететін диалог алаңы.
Форум отандық және шетелдік іскерлік қоғамдастық өкілдерін, сондай-ақ бизнесті дамыту институттарының өкілдерінің басын біріктірмек. Іс-шара платформасы қатысушыларға Қостанай облысының ерекшеліктері туралы көбірек білуге, тәжірибелері мен білім алмасуға, сондай-ақ маңызды іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Жиын барысында өңірдің инвестициялық тартымдылығы талқыға салынып, инвесторлар тәжірибелерімен бөліседі, Қостанай облысы аумағында атқарылуы тиіс жоспарлары мен міндеттері туралы баяндайды, - делінген Қостанай облысы әкімдігі таратқан хабарламада.
Форум спикерлері түрлі салалардағы инвестициялық жобаларды таныстырып, олардың Қостанай облысына тиімділігін баяндауды жоспарлаған. Сондай-ақ, бағдарламада қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтарды азайту, баламалы энергия көздерін пайдалануға байланысты жобаларды іске асыру мәселелері талқыланатын болады.
«Kostanay Invest 2023» – іскерлік байланыс орнатып, ынтымақтастық туралы өзара тиімді келісім жасау алаңына айналуы тиіс. Инвесторларға Қостанай облысын жанжақты тануына жол ашылады.
Инвестициялық форум аясында 700 млрд теңгеден астам сомаға келісім жасалатын болады.