Қостанайда жыл басынан бері 163 сауда субъектісі заңнаманы бұзған
Сауда және интеграция министрлігі Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан сауда заңнамасын сақтамаған 163 сауда субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылдың басынан бастап «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабының 1-тармағын бұзғаны үшін 158 сауда субъектісі ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4-бабы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесінің шекті деңгейін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 154-і ескерту болса, 4 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 452,3 мың теңгеге айыппұл салынды.
Мемлекеттік бақылау шараларының негізінде департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 3%-дан 40%-ға дейін төмендетті, сондай-ақ Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің заңнамада белгіленген мөлшерден асып кетуіне жол бермеу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар, 5 сауда субъектісіне тауардың сату құны мен витринада көрсетілген бағамен сәйкес келмегені үшін жалпы сомасы 62,8 мың теңге айыппұл салынды. Одан бөлек өңірдегі кәсіпкерлік нысандар витринада баға белгілерін орнатпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен Қостанайдағы супермаркеттердің бірінде витринадағы тауардың бағасы 356 теңге деп көрсетілген, алайда сату кезінде витринада көрсетілгеннен жоғары баға қолданылып, 527 теңгеге сатылған. Департамент мамандары аталған супермаркетте тексеріс жүргізіп, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарттық, - деді департамент басшысы Мырзахан Ерканов.