26 Қазан 2026, 05:31 Фото: скрин видеодан

Қостанайда жеңіл көлік жолаушылары бар автобуспен соқтығысып, жүргізушісі қаза тапты

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қостанайда Volkswagen Passat автокөлігі мен жолаушылары бар маршруттық автобус соқтығысты. Жол апаты салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі қаза тауып, оның жолаушысы ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы BAQ.KZ Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаqды.

Апат 25 қазан күні кешкі сағат 21:10 шамасында болған.

Полицияның мәліметінше, Volkswagen Passat жүргізушісі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тоқтау туралы талабына бағынбай, қозғалысын жалғастырған. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзып, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, маршруттық автобуспен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі қаза тапты, ал оның жолаушысы ауруханаға жатқызылды. Автобуста 55 адам болған. Олардың екеуіне медициналық көмек оқиға орнында көрсетілді, – деп хабарлады полиция.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.