Қостанайда жаңа балабақша ашылды
Қостанай қаласының «Әуежай» шағын ауданында 280 орынға арналған жаңа, заманауи балабақша ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
16 топтың он бірі қазақ тілінде білім бермек. Мұнда балаларға арналған музыкалық, хореографиялық сыныптар мен спорт зал бар. Сондай-ақ психолог, логопед мамандар да жұмыс істейді. Ауданда барлығы қазір 1300-ге жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Заманауи талаптарға сай бой көтерген балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, қала әкімі Марат Жүндібаев, Білім басқармасының басшысы Айман Ибраева, ұстаздар мен тәрбиешілер, «Әуежай» ықшам ауданының тұрғындары және ата-аналар мен балалар қатысты.
Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – әр баланы мектепке дейінгі сапалы білім мен тәрбиемен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы бұл мәселеге үнемі назар аударып, нақты тапсырмалар беріп келеді. Сол мақсатта соңғы екі жылда облысымызда он жаңа балабақша ашылды. Қазір 3 пен 6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз балабақшамен қамтылған. Ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі қамту көрсеткіші – 92,5 пайыз. Егер тағы 5-6 балабақша ашылса, бұл көрсеткіш толық жүз пайызға жететін болады. Баршаңызды құттықтай отырып, жаңа балабақша балаларға да, ата-аналарға да жайлы, шуақты мекен болады деп сенемін, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Бүгінде облыста 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың 100%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. 2 жастан 6 жасқа дейін бұл көрсеткіш — 92,5%.