Қостанайда заманауи шаңғы базасы салынады

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мердігер компания облыс орталығында салынып жатқан базаның төрт қабатты ғимараты мен арнайы трассаны қазан айында бітіріп беруді жоспарлап отыр. 

Қостанайдағы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің иелігіндегі ескі шаңғы базасының орнына тұрғызылатын заманауи жаңа ғимарат құрылысына облыстық қазынадан 446,5 млн теңге бөлінген. 

Жақында жүргізілген келіссөздерден кейін ескі ғимаратты бұзу жұмыстары басталып кетті. 

Қазір бұл жерде экскаватор, тиегіш, 4 самосвал, сондай-ақ, 15 жұмысшы жұмыс істеп жатыр. Нысан бұзылып біткен соң, жаңа ғимараттың іргетасын құюға кірісеміз. База мен шаңғы трассасын бірге саламыз, - дейді мердігер компанияның директоры Бауыржан Ысқақов. 

Құрылыс "Жұмыспен қамту-2020" Жол картасы арқылы жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында 55 адам жұмысқа орналастырылмақ. 

База ішінде 72 спортшыға арналған киім ауыстыратын орындар, жуынып-шайынатын бөлмелер, жаттықтырушылар залы, дайындық залын, демалыс бөлмесі болады. Сондай-ақ, мұнда буфет, шаңғыны жалға алатын орын және массаж кабинеті жұмыс істейді. 

Жоба өте күрделі емес. Ғимарат шағын. Құрылысшылар үшін негізгі қиын жұмыс трасса құрылысы болмақ. Ұзындығы 2,5 шақырым тас жолда жазғы маусымда шаңғы роллерімен жүгіруге болады. База маңына терек пен қарағай көшеттері егіледі. Сонымен бірге, шаңғы базасына кіреберіс, тротуарлар асфальтталады, көлік тұрағы да ойластырылған, – деді жоба жөнінде мәлімет берген Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы техникалық қадағалау бөлімінің бас маманы Арсаин Байдәулетов. 

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Елена Киреева заманауи база жаңа спорттық жетістіктеріне серпін береді деп сенеді. 

Жаңа спорт нысанының пайда болуы тек қала үшін ғана емес, жалпы облыс үшін де өте маңызды. Мұнда облыстық деңгейдегі барлық жарыстар мен шаңғы фестивальдері өткізіледі. Ең алдымен, бұл шаңғы жарыстарымен айналысуға ниет білдірушілер үшін жасалып отырған жағдай. Әрине, біздің жаттықтырушылар жас спортшыларды заманауи жағдайда тәрбиелеуге лайықты, – деп атап өтті Елена Киреева. 

Жоба жарты жылға есептелген, қостанайлықтар қазан айында жаңа базаның барлық артықшылықтарын бағалай алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы