Қостанайда трактор кабинасын шығаратын цех іске қосылды

Қостанайдағы «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» базасында трактор кабинасын шығаратын цех іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әкімдік хабарлауынша, бұл инвестициялық жобаның екінші кезеңі. Өндіріс желісінде 150 адам еңбек етеді. Жаңа цехтың ашылу салтанатына Беларусь Республикасының өнеркәсіп министрі мен қос елдің басқа да салалық министрлік өкілдері қатысты. Цехтың ашылуы еліміздің өнеркәсіп саласындағы елеулі оқиға. Осыған дейін инвестициялық жобаның бірінші кезеңінде Беларусь тракторлары Қостанайда құрастырылып келсе, енді бөлшектерін өзімізде шығара бастаймыз. Ал трактор кабинасы бүтін құрамның 40 процент бөлігі. Үшінші, төртінші кезеңде басқа бөлшектер өндірісін жергіліктендіру мақсаты тұр.

Өндірістің келесі кезеңдерін жүзеге асыру мүмкіндігін талқыладық. Болашақта трактордың алдыңғы белдігін, жекелеген пластик бұйымдарын осында шығарсақ дейміз. Қозғалтқыш блогын да жасауға мүмкіндік бар. Биыл шойын құятын зауыт ашылса, машиналардың қандай түріне де сапалы қозғалтқыш блогын дайындап бере аламыз, - деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Цехтың жалпы аумағы 10 жарым мың шаршы метр. Алты құрал-жабдық учаскесіне бөлінген. Заманауи лазерлі станок, темірді иетін аппарат, екі робот кешені және автоматтандырылған бояу камерасы бар. Осы желі бойынан 9 трактор моделіне келетін әмбебап кабиналар шығарылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы