Қостанайда теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары басталды
Көліктік инфрақұрылымды жаңарту және сапасын арттыру мақсатында Қостанай облысында алты теміржол вокзалына кезең-кезеңімен реконструкция жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобаны іске асыруға 5,3 млрд теңге бөлінді. Жаңғырту жұмыстары Қостанай қаласында, сондай-ақ Арқалық, Тобыл, Железорудная, Аманқарағай және Құсмұрын станцияларында жүзеге асырылуда.
Реконструкция аясында жолаушылар мен теміржол қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Ғимараттардың қасбеттері жаңартылып, ішкі үй-жайлар қайта жөнделеді: шатыр ауыстырылады, күту залдары, касса аймақтары мен санитарлық тораптар жаңартылады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар орнату көзделген.
Қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылуда: бейнебақылау және дауыс зорайтқыш жүйелері жаңартылады. Сонымен қатар, іргелес аумақтарды абаттандыру жоспарда бар — көгалдандыру, орындықтар орнату, жарықтандыруды жаңарту және автотұрақ аймақтарын жақсарту жұмыстары жүргізіледі.
Жобаның жүзеге асырылуы өңір тұрғындары мен қонақтары үшін вокзалдарды барынша жайлы, заманауи және қауіпсіз етеді, сондай-ақ облыстың көліктік нысандарының келбетін айтарлықтай жақсартады.
Жаңғыртылатын нысандар тізімі:
- Қостанай қаласының вокзалы
- Железорудная станциясының вокзалы
- Тобыл станциясының вокзалы
- Аманқарағай станциясының вокзалы
- Арқалық станциясының вокзалы
- Құсмұрын станциясының вокзалы
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңарған вокзалдар өңір тұрғындары мен қонақтары үшін одан да ыңғайлы әрі тартымды болады.