Қостанайда су-құтқару станциясына жөндеу жұмыстары аяқталды
Қостанайда су-құтқару станциясына жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тобыл өзенінің жағасында орналасқан құтқарушылар базасы түбегейлі жаңартылды. Ғимарат ішінде өмір сүру жағдайлары мен құтқарушылардың жұмысын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді: заманауи ас үй, жайлы жуынатын бөлме және жатын бөлмелер пайда болды. Бұл өзгерістер құтқарушыларға жауапты қызметін орындау кезінде жақсы жағдай жасайды. Сонымен қатар, станция аумағында гараж және қосалқы үй-жайлар жөнделді, сондай-ақ базаның айналасы абаттандырылды: 40-тан астам жас шыршалар отырғызылды, бұл аумақты жаңа, күтімді етіп көрсетеді, - деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Құтқару станциясының қасбеті де жаңартылды, жарқыраған айырым белгілері мен 112 жедел жәрдем нөмірі орнатылды, олар қазір күндіз де, түнде де айқын көрінеді.
Айта кетейік, осы шаралардың барлығы өңірдегі инфрақұрылымды жақсарту және қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында Қазақстан ТЖМ басшылығының тапсырмасы бойынша қабылданған.