Қостанайда шегіртке салдарынан 23 мың га егістік зақымданғаны рас па?
Қостанай облысындағы 23 мың гектар егістіктің зақымданғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кейбір БАҚ-тағы егістіктердің жаппай шегіртке зиянкестерінен зақымданғаны туралы жарияланымдар, оның ішінде Қостанай облысындағы зардап шеккен 23 мың га ауыл шаруашылығы жері туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Аймақтағы италиялық прусқа қарсы қорғаныс шаралары 28 шілдеде толығымен аяқталды, 387,4 мың га өңделді. Шегірткелердің егіс алқаптарына ұшып келу фактілеріне қарамастан, қабылданған жедел шаралар нәтижесінде расталған деректер бойынша 0,5 мың гектардан аспайтын егіс зардап шекті. Жәндіктердің таралуы тіркелген жекелеген шаруа қожалықтарымен нүктелік жұмыс жүргізілді. Алайда егістерді бақылау кезінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануы анықталған жоқ. Аумақтарды тексеру шаруа қожалықтары басшыларының қатысуымен жүргізілді, барлық жұмыс тиісті актілермен тіркелді. Оларға аумақтық инспекциялардың басшылары да, фермерлердің өздері де қол қойды, - деп сендірді ведомство өкілдері.
Мәселен, Науырзым ауданындағы «Қошқодан С.И» шаруа қожалығындағы зерттеу алаңы 3,7 мың га құрады. Шекара маңындағы аудандардан табын шегірткесінің көші-қоны нәтижесінде осы аумақтың барлығы өңделуге тиіс болды. Фитосанитариялық іс-шараларды өткізу үшін авиатехника және аэрозольді газ генераторы жұмылдырылды. Егіс алқаптары зақымдалмады.
Жангелдин ауданында табын шегірткелері бойынша мониторинг жүргізу кезінде «Қасенов Т.Ғ.» шаруа қожалығының мақсары егістіктерінде зақымданулар байқалды. Визуалды тексеру кезінде егістікті ақбөкендердің таптауы салдарынан зақымданғаны анықталды, бұған жануарлардың тұяқтары, жатқан жерлерінің іздері мен қилары дәлел болды. Мақсары мен басқа өсімдіктердің барлық қалдықтарында ақбөкендердің қоректену белгілері болды, алайда шегірткенің салдарынан зақымдану белгілері табылған жоқ, - делінген АШМ таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, шегірткелердің таралу шыңы тіркелген кезінде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен оның орынбасары Әбілхайыр Тамабек Қостанай облысында болды.
Қазір өңірдің аумағында азиялық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 27,7 мың га немесе жоспарланған алаңның 78,1% өңделді. АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Берік Манасов зиянкестерден қорғау іс-шараларының барысын бақылау үшін облысқа барды.
Биыл Қостанай және елдің батысындағы бірқатар облыстың фермерлері шегірткеден зардап шегіп отыр.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елдегі егін алқаптарында шегірткенің қаптауына қатысты пікір білдіріп, Әр 11 жыл сайын шегірткенің таралуының шарықтау шегіне жететін кезі болатынын, келесі жылы «пик» болатынын мәлімдеді.
Өңірлер жаппай өңдеу жұмыстарын қолға алды. 19 шілдедегі жағдай бойынша Қостанай облысында шегірткеге қарсы 385,3 мың га өңделген болатын.