Қостанайда кәмелетке толмаған жасөспірім қаладағы сауда орталықтарының бірінде дайындалып жатыр деген жалған террорлық акт туралы хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, құқық қорғау органдары жалған «жарылыс» туралы хабарлама берген жасөспірімнің жеке басын анықтаған.
Тексеру барысында қауіп-қатердің ойдан шығарылғаны белгілі болғанымен, жедел қызметтер түскен сигнал бойынша толық көлемде жұмыс жүргізуге мәжбүр болды.
Нәтижесінде кәмелетке толмаған бала қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Істі қарау қорытындысы бойынша Қостанай облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құқық бұзушыға бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын және пробациялық бақылау белгілеу туралы үкім шығарды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ, - деп мәлімдеді ведомстводан.