Қостанайда республикалық кинофестивальдің жеңімпаздары анықталды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» атты республикалық кинофестиваль мәресіне жетті. Байқау қорытындысында Алматы қаласының жеткіншектері жалпыкомандалық есепте бірінші орын жеңіп алды. 

Екінші орынды Түркістан облысының құрамасы қанжығаласа, қостанайлықтар үшінші жүлдені қанағат тұтты. Командаларды Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының өкілі Әсемгүл Нұрланова марапаттап, фестивальді ойдағыдай ұйымдастыруға атсалысқан Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты ұжымына алғыс білдірді.


«Құрметті жас режиссерлер, сценаристер, операторлар, актерлар! Сіздерді Қазақстан кино өнерінің болашағы деп білемін. Екі күн ішінде біз қандай дарынды ұрпақ өсіп келе жатқанына куә болдық, қуандық. Шығармашылықтарыңыз шыңдала берсін», - деді Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысы Василий Цымбалюк.

Байқауда 9 номинация бойынша 1, 2, 3 орын алған жүлдегерлерге планшеттер, ұялы телефондар және смарт-сағаттар сыйға тартылды.


Жеңімпаз атанғандардың бірі – түркістандық Бекзат Балтабай. Оның жұмысы «Киножурнал» аталымында үздік деп танылды.

«25 жасында қыршын кеткен әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен туралы шағын киножурнал жасап шығардым. Фильмімде оның нағыз патриот болғанын көрсеттім. Келешекте кино немесе ІТ саласында жұмыс істегім келеді», - дейді Бекзат.


Бұған дейін жазғанымыздай, Қостанайда өткен республикалық кинофестивальге жүзден астам оқушы қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы