Қостанайда қалалық білім бөлімінің басшысы ұсталды
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаеваның ұсталғаны ресми түрде расталды. Бұл туралы Қостанай облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ "Наша Газета" басылымына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімі лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, білім бөлімінің қызметкерлері өзге тұлғалармен бірлесіп, бөлімге қарасты білім беру ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатын жымқырған деген күдікке ілінген.
Прокуратураның хабарлауынша, 2026 жылғы 1 маусымда күдіктілердің жұмыс орындары мен тұрғылықты мекенжайларында бірқатар тергеу әрекеттері, оның ішінде тінту жұмыстары жүргізілген.
Сол күні Қостанай қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша ұсталған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін тұлға кінәсіз деп есептеледі.