Қостанайда полицей алаяқты жалаңаяқ қуған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанайлық учаскелік полицей зейнеткерді алдап, ақшасын алып алмақ болған алаяқты жалаңаяқ қуған.

Бұл туралы Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алаяқтар зейнеткерді алдап 800 мың теңге ақшасын алып алмақ болған. Олар зейнеткердің туыстары Ресейде тұратынын біліп, үйдегі телефонына қоңырау шалып, өздерін туысқандарымыз деп таныстырып, шұғыл түрде 800 мың теңге ақша керек екендігін айтады. Ал ақшаны Қостанайда тұратын адам келіп алып кететінін айтқан.

Зейнеткер болса оларға сеніп, айтылған сомасын беруге келіседі.

Кешкісін алаяқ келіп, зейнеткерден 680 мың теңге алып кетеді. Қалған ақшаны кейін келіп алып кететінін айтқан. Сол кезде зейнеткер күдіктеніп қалады. Ол күйеу баласына телефон соғып, мән-жайды айтып береді. Ол бірден зейнеткердің үйіне келіп, полицияға хабарласады. Учаскелік инспектор зейнеткердің үйіне келіп, алаяқтың келуін күтеді.

Ер адам кешкісін қалған ақшаны алуға келеді. Зейнеткер екеуі ұзақ сөйлеседі. Учаскелік инспектор бөлмеден жағдайды білуге шығады. Сол кезде алаяқ зейнеткерді итеріп, қаша жөнеледі. Полиция қызметкері болса қарап қалмай, жалаңаяқ артынан қуа жөнеледі. Кейін өзі айтқандай, жалаңаяқ қуу тіпті ыңғайлы болған екен. 

Ол қашқынды көп ұзамай ұстап алады. 


Фото: baigenews.kz

Сонымен қатар, алаяқтың зейнеткерге өзін туысқаны ретінде таныстырып, қоңырау шалған сыбайласы да ұсталады. Әйел адам Ақмола облысы Астрахан ауданында ұсталған.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы