Қостанайда Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздарға құрмет көрсетілді
Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда ҚР Ұлттық ұланның 6697 әскери бөлімі Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген сарбаздарға құрмет көрсетті.
Қостанай қаласында орналасқан аталмыш әскери бөлімде еліміздің түпкір-түпкірінен келіп, бір жыл бойы қасиетті борышын өтеген саптағы 129 сарбаздың көңілдеріндегі толғанысты анық аңғаруға болады. Бұл толғаныстың бірі - жыл бойы көрмеген туыс-туғандарына деген сағынышпен қауышатын сәттің келгені.
Екіншісі - өмір мектебінен өткізген әскери бөліміне деген қимастық. Салтанатты сап түзеу 6697 әскери бөлімінің командирі міндетін уақытша атқарушы подполковник Ерік Кәрібаевтың құттықтау сөзімен басталды.
Сапта тұрған әрбіріңіз үшін бүгін маңызды күн, бір жыл көлемінде абыроймен Отанға адал қызмет атқардыңыздар. Сіздерді үйлеріңізге салтанатпен шығарып салып жатырмыз. Адал қызметтеріңіз үшін алғыс білдіре отырып, мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт-береке тілеймін. Ақ жол, - деді әскери бөлім командирінің міндетін атқарушы подполковник Ерік Кәрібаев.
Осыдан кейін бір жыл бойы әскери бөлімнің ыстығына күйіп, суығына тоңып, өмір мектебінен өткен сарбаздарға «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, бөлім командирі бұйрығымен алғыс хаттар мен Қостанай облысы әкімдігі тарапынан құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, 129 сарбазға жауынгердің белгісіндей болған «Командирлік сағаттар» сыйға тартылды.
Осы орайда Отан алдындағы борышын өтеп, ата-анасы мен туған-туыстарына қауышуға асыққан сарбаздармен әңгімелескен едік. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының тумасы Жангелді Бекмағанбет.
Мен Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышымды өтегенімді мақтан етемін. Әрбір жігіт үшін әскер ол үлкен тәрбие мектебі болып табылады. Оған менің көзім анық жетті. Алда ата-анаммен аман есен қауышып, шамалы тыныққан соң командирлерімнің ізін басам деп жоспарлап отырмын, - дейді Жангелді Бекмағанбет.
Салтанатты шараның соңында 129 сарбаз мен әскери бөлімге жаңа келіп, сапқа тұрған жас жауынгерлердің алдына соңғы рет сап түзеп өтіп, әскери бөлімнің белгілерін аманат етіп тапсырды.