Қостанайда өнеркәсіп өндірісі 30% артқан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы Қостанайда жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін 28,2% жеткізу жоспарланып отыр. Өткен жылы 25,9% болған. Облыс көздеген осы және өзге де мәжелер төңірегінде бизнес-қауымдастықтың кеңейтілген кеңесінде айтылды. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, алдымызға өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін жыл сайын 3%-ға арттырып отыру міндетін қойып отырмыз», - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Бүгінде Қостанай өңірінде тау-кен және өңдеу салаларында 700-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оларда 43 мың адам еңбек етеді.

«2019 жылдың 4 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағада 329 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты. Өндірілген өнімнің нақты көлемі 2018 жылдағыдан 11%-ға артық. Соның ішінде тау-кен саласында 5,7%, өңдеу секторында 17,4% өсім бар», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ерлан Қойшыбаев.

Индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылған 4 жыл ішінде астықты аймақта өңдеу секторының үлесі 50%-дан асқан. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2010 жылы 29% болса, 2018 жылы 52%-ға жеткен.


Облыс әкімі орынбасарының мәліметінше, кондитерлік өнімдер экспорты 2015-2019 жылдары 4 есе өскен.

«Қазір «СарыарқаАвтоӨндіріс» ЖШС-нде әлемдік 9 брендттің автомобильдері (50-ден астам түрі) құрастырылады. Бүгінге дейін 47 мыңдай көлік нарыққа жөнелтілген. Оның 12 мыңы өткен жылы, 5,3 мыңы алғашқы 4 айда шығарылған. Кәсіпорын жыл соңына дейін 6 мың автокөлік құрастыруды жоспарлауда», - деді Ерлан Қойшыбаев.

Оның айтуынша, шетелдік серіктестеріміз алдағы 10 жылда бірлескен кәсіпорын үшін 1,1 млрд АҚШ долларын құюға ниетті. Осылайша, жылына 100 мың көлік шығаруды межелеп отыр.

«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ маманы Әлішер Әбдіқадыров мемлекеттік қолдаулар төңірегінде айта келіп, инновациялық гранттар, «Өнімділік-2020» бағдарламасы арқылы шығынның орнын толтыру, өңдеу өнеркәсібі тауарын экспорттау кезіндегі жеңілдіктер жөнінде айтып өтті. Ал, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров Тобыл-Торғай кәсіпкерлерінің жобаларын қаржыландыру турасында баяндама жасады.


«Осы кезге дейін барлық қаржыландыру бағдарламалары аясында кәсіпкерлер әзірлеген 74 мың жоба үшін 4,5 трлн теңге жеңілдетілген несие берілді. Соның ішінде Қостанай облысында 3,2 мың жоба мақұлданып, 340 млрд теңге несие үлестірілген», - деді Дәулет Әбілқайыров.

Сонымен бірге, 2019 жылдың бірінші тоқсанында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы өңірдегі 350 жобаның иесі жалпы көлемі 14 млрд теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы