Қостанайда меценаттар сыйлығы табысталды
Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, журналистика саласында жемісті еңбегі үшін берілетін Қостанай меценаттар клубы сыйлығы кезекті мәрте салтанатты түрде тапсырылды. Аталмыш бастама Елбасы Жарлығымен бекітілген «Мәдениетті қолдау жылы» аясында 2000 жылы бастау алған.
Марапаттау рәсімі жаңадан ашылып отырған мәдениет ордасы – Жастар сарайында өтті. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөзінде жаңадан бой көтерген ғимараттың демеуші компания қаражатына салынып, оның соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылғанына тоқталды. Сондай-ақ, меценаттар клубы сыйлығының мәртебесі жылма-жыл артып келе жатқанын айтты.
«Бұған дейін өнер мен мәдениет, білім мен ғылым, журналистика салаларының 500-ден астам өкілі сыйлыққа ие болды. Меценаттар клубының мүшелері жалпы сомасы 248 млн теңгеден асатын қолдау көрсетті. Сонымен қатар, жомарт азаматтар жыл сайын көпбалалы отбасыларға, сырқат балаларға қол ұшын созып келеді. Бүгінгі салтанатты шараны пайдаланып, осы игілікті іске атсалысып жүрген барша кәсіпкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мәні терең, өнегесі мол осындай істеріміздің ауқымы кеңейе беретіндігіне сенемін», - деді өңір басшысы.
Биыл он тоғызыншы рет ұйымдастырылған салтанатты шарада қырыққа жуық майталман сыйлыққа кенелді. Марапатталғандар арасында Таңатқан Божақов («Бейнелеу өнері» номинациясы), Әбдірахман Досов («Әдебиет»), Әлия Садықова («Театр»), Людмила Фефелова («Журналистика»), Зәуреш Хабдуллина («Ғылым») және тағы басқа есімдер «Қазына» сыйлығына лайық деп танылды. Ал, 35 жасқа дейінгі жастарға арналған «Шабыт» сыйлығы Асхат Шыңғысов («Ауыл жанашыры»), Динара Сейтжанова («Білім»), Наурызбай Әмірхамзин («Шығармашылық ұжым жетекшісі») және тағы басқаларға берілді.