Қостанайда ірі астық қоймасы жанып кетті
Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының Тобыл кенті Элеватор көшесінде орналасқан «Тобыл элеваторы» ЖШС астық қабылдау қоймасы өртеніп кетті.
Облыс аумағындағы ірі астық қоймасының өртеніп жатқаны бойынша алғашқы ақпарат бүгін таңғы сағат 05:54-те келіп түсіпті.
Аяқ астынан лап берген тілсіз жауды ауыздықтауға облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері, элеватордың өртке қарсы қызметі және «ҚТЖ» ҰК АҚ өрт пойызының араласуына тура келген. Астық қоймасындағы өртті сөндіру барысында 23 адам, 5 техника жұмылдырылған.
Өрт араға екі сағат салып ауыздықталып, түскі сағат 14:34-те толығымен сөндірілді.. Таңнан түске дейін ырық бермеген қызыл жалынның салдарынан ауданы 2400 ш.м. құрайтын 2 қойма, астықты кептіріп сақтауға жіберетін мұнараның 40 ш.м болатын ғимараты, транспортер таспасы, сондай-ақ 1040 тонна зығыр өнімі жанып кетті. Жалпы астық сақтайтын элеватордың 2440 шаршы метрі тілсіз жаудың кесерінен зардап шекті, – дейді Қостанай облыстық ТЖД ресми өкілі Уәлихан Досанов.
Қазіргі таңда тосыннан шыққан өрттен жермен жексен болған қоймалардың орнында жүргізілген сараптамалық жұмыстардың алдын ала болжамы бойынша өрттің шығу себебі көршілес тұрған екі қойманың біріндегі электр қуатын қосатын қораптағы қысқа тұйықталудың салдары иесін орасан шығынға батырған.
Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы мен себебінн анықтау үшін өрт болған жерде Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы ғылыми-зерттеу және сынақ зертханасының мамандары жұмыс істеуде.