Қостанайда iKomek орталығы ашылды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайдағы iKomek 109 өтініштер жүйесінің жұмысы үш желі арқылы жүзеге асырылады. Бірінші желіде қала тұрғындарының өтініштері қабылданса, екіншіде атқарушы органдардың әрекетін бақылайтын инспекторлар, ал үшінші желіде тапсырманы орындаушылар отырады.

Қала әкімдігі мамандары мониторингтік және жедел қызмет ету орталығын ашу барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы iKomek 109 өтініштер жүйесінің тәжірибесін зерттегенін айтады. Сонымен бірге, 40-тан астам мемлекеттік органның жұмысы сараланып, Басқару ережесіне 1000-нан артық қызмет түрі енгізілген.


«Орталықтың негізгі мақсаты – жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету. Біздің операторлар мен инспекторлар қаладағы атқарушы органдар мен коммуналдық қызмет ұйымдарына тікелей шыға алады. Әлеуметтік желілерге тіркелеміз. Қызмет түрлері тәулік бойы көрсетіледі. Өтініштер жүйесі арқылы тұрғындар мәселесінің 90%-ын бір желі арқылы қашықтықтан шешу көзделіп отыр», - деді орталық директоры Марғұлан Әлқуатұлы.


Орталықтың ашылуына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, жарты күн ішінде жұртшылық тарапынан түскен өтініштердің қаралу барысымен танысты.

«Атқарушы органдар мен коммуналдық ұйымдардың жұмысы барлық сұрақ, мәселе шешімін табатындай нақты, сапалы болуы тиіс. Алғашқы бір айлық жұмыс ерекше назарда ұсталуы керек. Одан әрі жүйеге келіп, жеңілдей түседі», - деді облыс әкімі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы