Қостанайда есірткіге қарсы форум өтті
Қостанай қаласындағы Жастар сарайында облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен ауқымды форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл шара мыңнан астам оқушы мен студенттің басын қосып, жастардың есірткі қылмысының алдын алудағы белсенді рөлін айқындауға арналды. Іс-шара бағдарламасы ерекше мазмұнға толы болды. Алдымен қатысушылар арнайы техника, криминалистикалық зертхана және жауынгерлік қару-жарақ қойылған көрмені тамашалады. Бұл көрме Полиция департаментінің есірткіге қарсы күресте қандай құралдар мен әдістерді қолданатынын айқын көрсетті.
Біз қызметіміздің жұмысын ашық көрсету арқылы жастарға есірткі мәселесінің ауқымын түсіндіргіміз келеді. Олар бұл мәселеге бейжай қарамай, оның шешімінің бір бөлігі бола алатынын сезінулері керек, – деді Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Сәден.
Форум барысында жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу және құқық бұзушылықтың салдары туралы мәселелер кеңінен талқыланды. Талқылауға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, облыстық мәслихат депутаты Махаббат Жұтаев, психикалық денсаулық орталығының психолог-наркологы Гүлсім Бисімбаева және пара пауэрлифтинг бойынша жаттықтырушы Дмитрий Царенко қатысты. Студенттер есірткімен күрес шаралары және қылмыс үшін қарастырылатын жазалар туралы белсенді сұрақтар қойып, талқылауға қатысты.
Есірткі – тек денсаулыққа қауіп төндіріп қана қоймай, заң бұзушылыққа алып келетін ауыр мәселе. Жастар осыны түсініп, өз өмірлеріне жауапкершілікпен қараулары тиіс, – деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев.
Форум аясында "Есірткіге қарсы үздік бейнеролик" байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға қатысқан 30 жұмыстың ішінен үздіктер таңдалып, үшінші орынды Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары колледжінің студенті Бекзат Құбжасаров, екінші орынды Қостанай гуманитарлық колледжінің студенті Шыңғыс Шелдебаев, ал бірінші орынды Гуманитарлық колледждің студенті Константин Щербинин иеленді. Барлық жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.
Біз студенттерді мұндай байқауларға қатысуға белсенді түрде ынталандырамыз. Бұл жастардың өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың шешімін іздеуге де атсалысуын қамтамасыз етеді, – деді Константин Щербинин.
Сонымен қатар студенттер жеңіл ақша табуға итермелейтін есірткі қылмысының түрмеге алып келетін салдары туралы бейнероликтер тамашалады. Форумның ерекше сәті – есірткі іздеуге маманданған бельгиялық овчарка Тесланың жұмысы болды. Студенттер жасырған заттарды Тесла әп-сәтте тауып, көрермендерді тәнті етті.
Іс-шара соңында есірткісіз жарқын болашаққа шақыратын музыкалық композициялар орындалып, жастарға салауатты өмір салтын ұстануға деген ынта-ықылас ұялатты. Бұл форум жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, есірткіге қарсы күресте олардың белсенді рөл атқаруына түрткі болды.