Қостанайда дәстүрлі велошеру ұйымдастырылды

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы іс-шара 151-ші жеке атқыштар бригадасының құрылғанына 80 жыл толуына арналды. Жеңіс саябағынан басталған шеру орталықта митингпен қорытындыланады. 

1942 жылы Қостанайда 151-ші жеке атқыштар бригадасы құрылған еді. Оның алғашқы легі майдан шебіне 26 сәуірі күні қазіргі балалар шығармашылығы мектебінің алаңынан аттанған. Қостанайлықтардың бірқатары генерал Василий Шатилов бастаған әйгілі 150-ші атқыштар дивизиясымен тізе қосып соғысты. Олар Берлинге дейін жетіп, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен. Сол қанды қырғында рота командирі Илья Сьянов ерлігімен көзге түседі. Оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Ал 151-ші атқыштар бригадасы ІІ дәрежелі Кутузов орденін алған.

 

Қостанайда өткен іс-шара Жеңіс саябағында даңқты ерлердің құрметіне қойылған стела жанынан басталды.  Онда майдангерлер, жастар, курсанттар, еріктілер және қаланың басқа да тұрғындары келді.

Рейхстаг ғимаратына негізгі кіреберісінен алғашқылардың бірі болып жерлесіміз Илья Сьянов кірген. Жеңіс туының біреуі солардың ротасында болыпты. Барлаушылар М.Кантария мен М.Егоров жалауды рейхстаг күмбезіне ілген, – деді Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Юрий Харьяков іс-шараның ашылуында.

Сол үшінші екпінді Жеңіс туы жыл сайын 9 мамырда Мәскеуде өтетін әскери шеруге шығарылады. Тудың көшірмесі Қостанайдағы №4 мектептің мұражайында сақталған. 

Биылғы велошеруге екі жүзге тарта адам қатыстырылды. Жаяу жүгіргісі келгендердің де ешкім бетінен қаққан жоқ. Ұзындығы 26 шақырым жолды қала көшелерімен жүріп өткен топ балалар шығармашылығы мектебінің алаңына тоқтады.

Мұндай іс-шаралар жастардың бойына париоттық сезім ұялатуға әрі саламатты өмір салтын ұстануға септігін тигізері сөзсіз. Сондықтан, жерлестерімді келер жылы да белсене қатысуға шақырамын, – деді Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Саят Шаймұрынов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы