Қостанайда ауыз су автоматтарын әдейі бүлдірген әйелге айыппұл салынды

Қостанайда бұрын жеке кәсіпкерлікте жұмыс істеген азаматша ауыз су сататын автоматтарды әдейі істен шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Қостанай қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тергеу мәліметінше, азаматша И. бірнеше автоматтың QR-кодтары бар стикерлерін жыртып, монета қабылдағыштарын қасақана бітеп тастаған. Соның салдарынан бірнеше аудандағы су аппараттары жұмысын тоқтатып, тұрғындар ауыз сусыз қалған.

Сот барысында анықталғандай, И. биылғы қаңтарда аталған кәсіпкерліктен жұмыстан шыққан. Оның айтуынша, жұмыс беруші еңбек кітапшасы мен жалақысының бір бөлігін бермей қойған. Осы жағдайға наразы болған әйел автоматтарды әдейі бүлдіріп, кек алғанын мойындаған.

Сотқа бейнебақылау жазбалары, фотодәлелдер және куәгерлердің айғақтары ұсынылған. Аталған әрекеттер наурыз айында тіркеліп, кәсіпорын қызметкерінің бірі оқиғаны видеоға түсіріп, дереу полицияға хабарлаған.

Сот И.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабының 1-бөлігі — "Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру" бойынша кінәлі деп тауып, 137 600 теңге айыппұл салды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы