Қостанайда әкімінің экс-орынбасарына қатысты тергеу: ҰҚК Мұсағазина ісін растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қостанай облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп хабарлады ҰҚК.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары аталған іс аясында Гүлбарам Мұсағазинаның процессуалдық мәртебесіне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Гүлбарам Мұсағазина бұған дейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Оның құзыретіне бюджет және денсаулық сақтау салалары кірген.
Әлеуметтік желілерде және бірқатар жарияланымдарда экс-шенеуніктің есімі өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы резонансты сыбайлас жемқорлық ісімен байланыстырылды. Атап айтқанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Джандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубевтің қамауға алынуы туралы сөз болып отыр.
Сонымен қатар, Гүлбарам Мұсағазина атқарып отырған қызметінен босатылды. Қостанай облысы әкімдігінің ресми сайтында өңір әкімінің орынбасары лауазымына бос орын жарияланған.