Бүгiн 2026, 09:53 Фото: pixabay.com

Қазақстан ұны алғаш рет АҚШ нарығына жөнелтілді

Қазақстандық өнім енді тек көрші елдермен шектелмей, алыс нарықтарға да тұрақты шыға бастады.

Қазақстандық өнім енді тек көрші елдермен шектелмей, алыс нарықтарға да тұрақты шыға бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанайдан Нью-Йоркке жөнелтілген 24 тонна бидай ұны жіберілгенін хабарлады.

Жөнелтілімді еліміздегі KTZ Express компаниясы ұйымдастырған. Жүк 10 наурыз күні жолға шыққан. 

Ұзақ, бірақ тиімді маршрут

Ұн бір ғана көлікпен емес, бірнеше бағытты біріктіретін мультимодальды тәсілмен жеткізілуде. Яғни теміржол мен теңіз жолы қатар қолданылған.

Жүк Каспий теңізі арқылы Алат портына жеткізіліп, әрі қарай Поти порты арқылы Қара теңізбен тасымалданып, Стамбул қаласы арқылы Жерорта теңізіне шықты.Соңғы кезеңде бағыт Атлант мұхиты арқылы өтіп, жүк Нью-Йорк портына жеткізіледі,- деп мәлімдеді министрлік.

Жалпы жеткізу уақыты шамамен 58 күн

KTZ Express бастапқы кезеңді толық қамтамасыз еткен: ұнды контейнерге тиеп, оны Қостанайдан Ақтауға дейін жеткізген. Ал теңіз арқылы тасымалдау әлемдегі ірі логистикалық компаниялардың бірі — CMA CGM арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Сұраныс бар, мүмкіндік те бар

Бұл жоба жай ғана бір реттік жеткізілім емес. Ол қазақстандық өнімге деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе ұн сияқты базалық өнімдерге әлемдік нарықта тұрақты қызығушылық бар,- дейді министрлік.

Мамандардың айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәл осындай жеткізілімдер үшін тиімді. Себебі ол Қазақстанға жаңа экспорт бағыттарын ашуға, логистиканы әртараптандыруға, жаһандық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Компания мәліметінше, жүк жол бойы толық бақылауда болады. Бұл тасымалдың қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.

Қостанайдағы диірменнен шыққан ұн енді Нью-Йорк сөрелеріне дейін жетіп жатыр. Бұл – Қазақстанның тек шикізат емес, дайын өнімді де экспорттай алатын елге айналып келе жатқанының белгісі.