Қостанай тұрғыны деректер базасындағы қателік салдарынан тоғыз күн бойы «қайтыс болды» деп тіркелген
Мәселе адвокаттың араласуынан кейін шешімін тапты.
Қостанайда Владимир Шремф есімді жергілікті тұрғын техникалық қателік салдарынан тоғыз күн бойы ресми түрде қайтыс болған адам ретінде тіркеліп, құжаттарын пайдалану және жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ ТоболИнфо-ға сілтеме жасап.
«ТоболИнфо» мәліметінше, оқиға ер адамның Әулиекөл аудандық ауруханасына қарасты емханаға барғанынан кейін болған. Ол анасының қайтыс болғаны туралы анықтама тапсырған, алайда қызметкер қателесіп, жүйеге марқұмның орнына өтініш берушінің деректерін енгізіп жіберген.
Өзінің мемлекеттік базаларда «қайтыс болған» ретінде тіркелгенін ол 2 сәуір күні білген. Бұл кезде электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) және жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) пайдалану кезінде қиындықтарға тап болған. Медициналық мекемеге жүгінгенімен, қателік бірден түзетілмеген – облыстық денсаулық сақтау басқармасына ақпарат тек 6 сәуірде жеткен.
Осы уақыт ішінде Владимир Шремф бірнеше күн бойы іс жүзінде «жүйеден тыс» қалған: жұмыс істей алмаған, көлік жүргізе алмаған және ресми құжаттарды пайдалана алмаған.
Мәселе адвокат Дильмурат Сарсенов араласқаннан кейін шешілген. Ол тіркеуші органдар мен АХАТ-қа шағым жолдаған. Тоғыз күннен кейін жазба күшін жойып, ер адамның мәртебесі құжаттарын қайта рәсімдемей-ақ қалпына келтірілген.
Адвокаттың айтуынша, зардап шеккен азамат моральдық шығынды өтеу туралы талаппен сотқа жүгінбек.