Қостанай қаласының экс-әкімі бостандыққа шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов Қостанай облыстық сотының шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 11 сәуірдегі үкімімен Ахметбек Ахметжанов мемлекет қызметте лауазымдық қызмет ету құқығынан өмір бойы айырылып, бар мүлкі тәркіленіп, 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
"Қостанай қаласы №2 сотының бұл қаулысымен келіспеген сотталушы мен оның заңгері аталған қаулының күшін жойып, сотталушы жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру туралы өтінішін жазған. Сот бұл шағымды қанағаттандырудан бас тартқан", - делінген хабарламада.
2019 жылдың 1 сәуірінде Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі судьялар алқасы соттың бірінші сатысындағы қаулының күшін жоюға қаулы шығарды. Онда ҚР ҚК 72-бабының 1-бөліміндегі екінші азат жолдың негізінде сотталушы Ахметбек Ахметжановтың және оның адвокатының мерзімінен бұрын шартты босату жөніндегі өтініші қанағаттандырылғаны айтылған.