Қостанай оқушыларын су жаңа 28 автобус тасымалдайды
Ұлы мереке Ұлыстың ұлы күніи қарсаңында әдбен тозығы жеткен қырық жамау автобустармен тасымалданып келген бектеп оқушылары қуанышқа кенелді, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.
Дәл осы мектепке шалғайдан қатынап жүрген екі мың жарым оқушы үшін 28 жаңа автобус сатылып алынды. Оған 1,089 млрд теңге жұмсалып отыр.
Жалпы алғанда Тобыл өңіріндегі шалғай аудандарға қарасты елді мекендерден халық үдіре қалаған қоныс аударудың салдарынан сол жердегі білім ордалары жабылып қалды. Осы тұста арасы атшаптырым іргелес жатқан ауылдарға барып , қалған оқушылардың білім алуында өзіндік бір күрмеуі шешілмеген мәселе еді.
Себебі, оқушыларды мектепке тасымалдауға берген автобустардың басым бөлігі тозығы жеткен. Бір күн жүрсе, екінші күні сынып қалатыны тағы бар. Осы арада оқушылар дер кезінде мектепке бара алмай сабақтан апталап қалатын кездерін жиі естіп жүрдік. Оның үстіне , тозығы жетіп тұрған автобустарды тізгіндеген жүргізушілерде білім ордасына барып келгенше жандарын шүберекке түйіп отыратындарын жасырмайды. Себебі, мұнда қыста іші мұздай, жазда қапырық ыстық, терезе ашса іші шаңға толып кететін көліктермен балаларды тасымалдаудың өзі қорқынышты жағдайлармен пара-пар болды.
Кезінде облыстың тізгінін ұстаған талай әкімдер үшін толғауы тоқсан түрлі болған мәселенің шешімін Құмар Ақсақалов тапты. Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су жаңа 28 автобус сатып алынып, облыстағы 13аудандық білім бөлімінің басшыларынатабыс етілді.
Бұл автобустардың басты ерекшелігі жылдамдықты шектегіштермен, қауіпсіздік белдіктерімен, ауаны баптау жүйесімен жабдықталған. Ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларға бейімделген: автобустарда пандустар мен жүргізушіні шақыру түймелері қарастырылған. Автопаркті бірден 28 автобуспен толықтыру оқушыларды тасымалдауды ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік береді,- дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, Қостанай облысында мемлекет басшысының 2025 жылға дейін қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқарту жөніндегі міндетін орындау үшін 407 ауылдық мектепті жаңғырту жоспарланған. Оның сексен бірі осы жылдың еншісінде.
2021-2022 оқу жылдары 12,9 млрд. теңге сомасына 193 білім беру объектісіне жөндеу жүргізілді. Ал, 2023 жылы 138 білім ордасын жөндеуге 5,3 млрд.теңге жоспарланған.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін 7500 орындық 9 мектеп ел игілігіне берілмек. Бұл білім ордалары Қазақстанда әлі болмаған заманауи, жайлы мектептер болмақ. Білім ордасының басым бөлігі ауылдық жерлерде бой көтермек.
Жыл сайын облыстағы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қомақты қаражат бөлінеді. Мысалы, осы жылы бұл мақсаттарға 1,6 млрд. теңге бөлінді.
Ауылдық мектептерге 10 заманауи пәндік кабинет және 9 робототехника кабинеттер ашылады. Бұл дегеніміз, 44 мың ауыл оқушысы жайлы жағдайда сапалы білім ала алады деген сөз.