Қостанай облысындағы «Қайрақ» өткізу пунктінде жүк көліктерінің кезегі пайда болды
Өткізу пунктінен шығатын жерде жөндеу жұмыстарына байланысты бір жолақ уақытша жабылған.
Қостанай облысындағы «Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде жүк көліктерінің кезегі пайда болды. Бұған өткізу пунктіндегі жөндеу және реконструкция жұмыстары, сондай-ақ жүк ағынының маусымдық өсуі себеп болған. Бұл туралы Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Өткізу пунктінен шығатын жерде жөндеу жұмыстарына байланысты бір жолақ уақытша жабылған. Соның салдарынан нысанның өткізу қабілеті төмендеп, жүк көліктерінің күту уақыты ұзарған.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы және жеміс-көкөніс өнімдерін, сондай-ақ көрші елдерге бағытталған жүктерді тасымалдау көлемі маусымдық кезеңге байланысты артқан.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қызметкерлер жағдайды бақылауда ұстап, көліктерді рәсімдеу мен өткізу үдерісінің үздіксіз жүруін қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатыр.
Тасымалдаушыларға маршруттарды жоспарлау кезінде жағдайды ескеріп, мүмкіндігінше басқа автомобиль өткізу пункттерін пайдалану ұсынылды.