Қостанай облысындағы ірі жобалар: Жұмыс орындары мен өндіріс көлемі артты

Астана қаласында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың 2025 жылдың қорытындысына арналған брифингі өтті. Өңір басшысы облыстың негізгі жетістіктерін қорытындылап, ауқымды жобалардың іске асырылуы мен алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімі өңір экономикасында жетекші орынды әлі де өңдеу өнеркәсібі иеленіп отырғанын атап өтті.

Қостанай облысы машина жасау саласы бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Соңғы үш жылда шамамен 275 мың автокөлік өндірілгенін өңір басшысы атап өтті.

Саланың табысты дамуы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуымен тікелей байланысты. Атап айтқанда, Қостанай қаласының индустриялық аймағында «KamLitKZ» ЖШС құны 78,2 млрд теңге болатын шойын құю зауытын салып, 500 жұмыс орнын ашты. Сонымен қатар кәсіпорын жүк автокөліктеріне арналған жетекші көпірлер шығаратын және балка өндірісін жергіліктендіретін зауыттың құрылысын аяқтауда (жобаның құны — 160,5 млрд теңге, 650 жаңа жұмыс орны).

«TEHNOPARK KZ» ЖШС жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер өндіру жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында 800 жұмыс орны құрылып, инвестиция көлемі 17,8 млрд теңгені құрайды.

Автокөлік модельдік қатарын кеңейтуге де ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылдың сәуір айында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Jetour X70+ автокөліктерін өндіруді іске қосты (инвестиция көлемі — 2,3 млрд теңге, 200 жұмыс орны). Облыс әкімі KIA маркалы толық циклді зауыттың ( «KIA Qazaqstan» ЖШС ) стратегиялық маңызын атап өтті.

Бұл — Қазақстан тәуелсіздігі жылдарындағы ең ірі жобалардың бірі. Зауыт 1,5 жылда салынып, 1 500 жұмыс орны ашылды. Ол өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға қуатты серпін берді, — деді ол. 

Оның айтуынша, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде өңдеу саласындағы өсім 46,5 пайызға жетеді.

Облыс экономикасында қара металлургия да маңызды рөл атқарады. Рудный қаласында тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жобасы — ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыты салынуда.

Бұл жоба еліміз бойынша қара металлургия көлемі жөнінен екінші орынға шығуға мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңдегі инвестиция көлемі 655 млрд теңгені құрайды, 1 000-нан астам жұмыс орны ашылады. Зауыт табиғи газды пайдалана отырып, «жасыл» технология бойынша жұмыс істейді, бұл көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтады, — деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар Лисаковск қаласында титан шлагын, рутил және циркон концентраттарын өндіру жобалары іске қосылады ( 23,2 млрд теңге, 400 жаңа жұмыс орны ), сондай-ақ халықаралық технологияларды қолдана отырып темір рудасы қалдықтарын қайта өңдеу жобасы жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде 2 млн тоннаға жуық қайталама шикізат өңделіп, 1 млн тоннадан астам темір рудасы концентраты алынбақ.

Өнеркәсіп өндірісінің өсуі логистикалық инфрақұрылымды кеңейтуді талап етеді. Осы мақсатта Қостанай қаласында «Тобыл» халықаралық көлік-логистикалық кешенін салу жобасы іске асырылуда. Кешеннің жоспарланған қуаты — жылына 400 мың контейнер, инвестиция көлемі — 63,8 млрд теңге, 500 жұмыс орны ашылады. Жоба «Солтүстік – Орталық – Шығыс» бағыты бойынша жаһандық жеткізу тізбегінің бір бөлігіне айналып, халықаралық логистикалық хаб қызметін атқаратын болады.

Осылайша, 2025 жыл Қостанай облысы үшін өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық серпіліс жылы болды. Алдағы жоспарлар өңірдің машина жасау, металлургия және логистика салаларындағы көшбасшылығын нығайтуға бағытталған

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы