22 Шілде 2026, 00:08 Фото: istockphoto.com

Қостанай облысында жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, екі адам қаза тапты

Тағы бір жолаушы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Қостанай облысында Қостанай – Қарабұтақ автожолында жеңіл көлік пен жүк көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам көз жұмып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді.

Жол апаты Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл ауылының маңында болған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Kia Sorento көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан көлік DAF маркалы жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушылардың бірі оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір жолаушы түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта полиция жол апатының барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Қостанай облысы полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайына сай жылдамдықты таңдауға, қауіпсіз арақашықтықты ұстануға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырды.