Қостанай облысында такси жүргізушісіне шабуыл жасаған екі адам сотталды

Қостанай облысының аудандық соты автокөлік ұрлау және такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасау дерегі бойынша екі тұрғынға үкім шығарды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 16 қыркүйекте сотталушылар мас күйінде гаражды бұзып кіріп, ГАЗ-24 автокөлігін ұрлап кеткен. Алайда жүргізу барысында көлікті басқара алмай, ағашқа соғылған соң, олар оқиға орнынан қашып кеткен.

Кейін ер адамдар тағы бір гаражға заңсыз кіріп, Great Wall маркалы автокөлікті айдап әкеткен. Алайда көлік техникалық ақауға байланысты Рудный қаласы маңында жолда қалған.

Ал 2025 жылғы 19 қыркүйекте сотталушылар Hyundai Accent автокөлігі мен iPhone 14 Pro Max ұялы телефонын иемдену мақсатында әйел такси жүргізушісіне шабуыл жасаған.

Айыпталушылар көлік ұрлау дерегі бойынша кінәні ішінара мойындағанымен, қарақшылық шабуылға қатысқанын жоққа шығарған. Жәбірленушілер жазалау мәселесін соттың қарауына қалдырды.

Қылмыстардың бірнеше рет қайталанғанын және олардың мас күйінде жасалғанын ескере отырып, сот айыпталушыларды тиісінше 11 және 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Олар жазасын барынша қауіпсіздік мекемелерінде өтейді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы