Қостанай облысында шетелдік такси жүргізушілерінің заңсыз әрекеттері анықталды

Қостанай облысында шетелдік такси жүргізушілерінің заңсыз әрекеттерін анықтау мақсатында "Заңсыз келуші-таксист" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл шара жолаушыларды тасымалдау саласындағы көші-қон және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған. Рейд барысында 68 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 42 жағдай шетелдік азаматтардың көші-қон заңнамасын бұзуымен, ал 26 оқиға жол қозғалысы ережелерін сақтамаумен байланысты болды. 

Осындай құқық бұзушылықтардың бірі 20 желтоқсан күні Лисаков қаласында тіркелді. 40 жастағы шетелдік азамат, "Индрайвер" қосымшасы арқылы Toyota Alphard автокөлігімен жолаушылар тасымалдап жүрген жерінен ұсталды. Полиция қызметкерлері тексеру кезінде оның бұл қызметпен айналысуға рұқсаты жоқ екенін анықтады. Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы негізінде іс қозғалды. Қостанай облысының полиция қызметі заңсыз такси қызметінің салдары ауыр болатынын еске салады. 

Тиісті рұқсатсыз такси жүргізушісі ретінде жұмыс істеу заң бұзушылық болып табылады және ол әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Құқық қорғау органдары тұрғындарды заңсыз тасымалдау әрекеттерін байқаса, тиісті органдарға хабарлауға шақырады. Аймақта заңбұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстар қарқынды жалғасуда. Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, көлік қызметі саласындағы тәртіпті сақтау үшін бар күшін салуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы