Қостанай облысында құны 500 млн теңгенің майнинг жабдығы тәркіленді
Бұл жабдық ерекше санаттағы тауарларға жатады.
Қостанай облысы прокуратурасының бастамасымен құны 500 млн теңгеден асатын майнинг жабдығы мемлекет кірісіне тәркіленді. Мұндай шешім техниканы ел аумағынан заңсыз алып шығу әрекетіне қатысты әкімшілік істі апелляциялық тәртіппен қарау қорытындысы бойынша қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылғы 18 қазанда Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданы аумағындағы «Аят» автокөлік өткізу бекетінде Ресейге шығу кезінде жалпы салмағы 8 тоннадан асатын майнинг серверлерін алып шығу әрекеті анықталған.
Анықталғандай, бұл жабдық экспорттық бақылауға жататын әрі міндетті түрде лицензиялануы тиіс ерекше санаттағы тауарларға жатады. Алайда B2C mining компаниясында қажетті рұқсат құжаттары болмаған.
Құқық бұзушылық фактісі бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Бірінші сатыдағы сот компанияны кінәлі деп танып, 98 300 теңге көлемінде айыппұл салды. Алайда міндетті қосымша жаза – жабдықты тәркілеу шарасын қолданбаған.
Облыс прокуратурасы бұл шешіммен келіспей, құқық бұзушылық заты ретінде жабдықты тәркілеу қажеттігін көрсетіп, апелляциялық өтініш енгізді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 45-бабына және Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының түсіндірмелеріне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық заты мемлекет меншігіне өтеусіз өткізілуі тиіс.
Апелляциялық қарау нәтижесінде Қостанай облыстық соты құны 500 млн теңгеден асатын майнинг жабдығын тәркілеу туралы қаулы шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Тәркіленген мүлік заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекет кірісіне өткізілетіні атап өтілді.