Қостанай облысында қар құрсауынан 13 адам құтқарылды
Олардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Қостанай облысы аумағында ауа райының күрт нашарлауына байланысты жолда қалған азаматтар эвакуацияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға Денисов ауданына қарасты Перелески ауылы маңында, республикалық маңызы бар «Қостанай – Қарабұтақ» тас жолында болған. Қалың қар мен боран салдарынан бірнеше көлік қозғалысын жалғастыра алмай, жолда тұрып қалған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары жедел түрде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, қар құрсауында қалған адамдарды қауіпсіз жерге шығарды. Құтқарушылар мен жол қызметі мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жеті жеңіл автокөлік қардан тазартылған жол учаскесіне жеткізілді.
Жалпы саны 13 адам эвакуацияланды. Олардың ешқайсысы медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Мамандар ауа райы күрт өзгерген кезеңде алыс жолға шықпауға, елді мекендерден тыс бағыттарға сапарды шектеуге және шұғыл қызметтердің ресми хабарламаларын мұқият бақылап отыруға шақырады.