17 Шілде 2026, 04:24
Фото: magnific.com
Қостанай облысында ондаған сиырдан қауіпті инфекция анықталды
Қостанай облысында 23 сиырдан бруцеллез анықталып, олар санитарлық талапқа сай жойылды.
Ауру Әулиекөл ауданындағы Қазанбас ауылдық округінде тіркелген. Осыған байланысты округте карантиндік шектеулер енгізілді. Қазір:
- малды әкелуге және әкетуге;
- шөп пен сабанды сатуға;
- ет және сүт өнімдерін өткізуге уақытша тыйым салынған.
Ветеринарлар тексерген 323 малдың 23-інен бруцеллез анықталған. Барлығы жедел түрде жойылды.
Қазіргі уақытта тұрғындар арасында ауру жұқтырғандар жоқ. Алайда жыл басынан бері екі адам бруцеллезбен ауырған.
Ветеринария қызметінің мәліметінше, індет ошағын толық жою және аурудың таралуына жол бермеу үшін кешенді сауықтыру шаралары жүргізіліп жатыр. Мамандар өңірдегі эпизоотиялық жағдай бақылауда екенін және өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштердің төмен екенін айтты.