Қостанай облысында балық қырылып жатыр
Қостанай облысының Заречный елді мекенінің қасындағы шағын көлдің балығы қырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
2 күннің ішінде ол жерден жарты тоннадан астам өлі балық жиналған. Су бетінде қалқыған желбезек өлексесі әлі көп. Оларды сүзіп алуға жергілікті әкімдік өкілдері де тартылған.
Мамандар балықтың жаппай қырылуына көлдің таяздығы мен мұздың қалыңдығы себеп екендігін айтып отыр.
Тіпті түбіне дейін қатқан су айдындары бар екен. Сондықтан мұндай жағдай әр жерде қайталануы мүмкін. Ал балық өлекселері іріп-шіри бастағандықтан, ветеринарлық-санитарлық тексеріс жүргізудің қажеттілігі болмапты.
Ал судың сынамасын Экология депратементінің зертханасына жібердік. Балық өлекселері өртеу арқылы жойылады. Оның өзінің тәртібі бар. Тиісті мемлекеттік органдар хабарланып, ветеринария мекемесі осы міндетті атқарады, - дейді Тобыл-Торғай облысаралық бассейіндік инспекция басшысы Серік Бейсембаев.