Қостанай облысында алюминий зауыты мен жел электр станциясы салынбақ
Тараптар жобаны іске асырудың қазіргі кезеңін, шикізат базасымен қамтамасыз ету, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев East Hope Group компаниясының стратегиялық инвестициялар жөніндегі бас директоры Чен Леймен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қазақстанда алюминий өндірісіне бағытталған ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жоба өндірістік және энергетикалық нысандар салуды қамтиды.
Компания Қостанай облысында жалпы құны 10 млрд доллардан асатын өндірістік кешен салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында боксит өңдейтін тау-кен байыту комбинаты, алюминий өндіретін электролиз зауыты және жел электр станциясы бой көтермек.
Тараптар жобаны іске асырудың қазіргі кезеңін, шикізат базасымен қамтамасыз ету, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды.
Кездесу қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметтің жобаны жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін айтты.
Анықтама үшін: East Hope Group әлемдегі ірі электролиттік алюминий, глинозем және поликремний өндірушілерінің бірі саналады. Компания 2010 жылдан бері Қытайдағы өндірістік жобаларына шамамен 10 млрд доллар инвестиция құйған. Соның нәтижесінде 10 мыңнан астам тікелей және 30 мыңнан астам жанама жұмыс орны құрылған.