Қостанай облысында 6 адам қар құрсауынан құтқарылды
Қостанай облысының аумағында ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолдарда авариялық-құтқару операциялары жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, 2023 жылғы 9 наурыз күні 04:10-да Қарасу ауданындағы облыстық маңызы бар «Қарасу-Большая Чураковка» автожолының жабық учаскесінің 10 шақырымында ТЖД күшімен жеке құрамның 2 адамы бар КУНГ арнайы техникасымен қар құрсауынан 2 жеңіл автокөлік жолдың тазартылған учаскесіне сүйретілді. 6 адам құтқарылды, оның ішінде 3-еуі бала. Адамдарға медициналық көмек қажет болмады.
Дәл сол күні сағат 05:15-те Алтынсарин ауданының ТЖ бөліміне Щербаков ауылынан 5 шақырым жерде аудандық маңызы бар автожолда ауа райының қолайсыздығынан 12 жолаушысы бар 4 автокөлік жолда тұрып қалғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Көп ұзамай оқиға орнына құтқарушылар келіп, жолаушыларды жол талғамайтын УАЗ көлігіне тиеді. Құтқарылған азаматтар Щербаков орта мектебінің жылыту пунктіне аман-есен жеткізілді.
2023 жылғы 9 наурызда сағат 06:05-те Меңдіқара ауданындағы аудандық маңызы бар автожолда Каскат ауылынан 7 шақырым қашықтықта ТЖД күштерімен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қар құрсауынан 3 адам құтқарылды. Жолаушылары бар жеңіл автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарып, Ломоносов ауылдық округінің әкімдігінің жылыту пунктіне алып барды.
Бұдан бұрын 8 наурыз күні сағат 16:20-да Амангелді ауданында өтімділігі жоғары Нива-БРОНТО техникасымен құтқарушылар апатты электр беру желісінің үзілу авариясын жою мақсатында Амангелді АЭЖ қызметкерлері бригадасын жеткізу үшін Қарынсалды ауылына барды.
Қостанай облысының ТЖД тұрғындарға ауа райы нашарлаған жағдайда елді мекендерінен тыс жерлерге шықпауды сұрайды, - делінген хабарламада.