Қостанай облысында 39 млн теңге жымқырған инкассатор 8 жылға сотталды
Қостанай облысының Лисаков қалалық соты аса ірі көлемде ұрлық жасаған инкассаторға қатысты үкім шығарды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы 2022 жылдың маусымы мен 2023 жылдың қарашасы аралығында Лисаков қаласындағы және Қостанай–Жітіқара автожолындағы өзін-өзі қызмет көрсету терминалдарына техникалық қызмет көрсетіп жүрген. Ол "Kassa 24" төлем жүйесіндегі операцияларды тіркемей, терминалдардан ірі көлемде қолма-қол ақшаны заңсыз алып, компания кассасына өткізбей келген.
Жалпы алғанда 20 терминалдан ұрланған қаражат көлемі 39 миллион теңгеден асты.
Прокуратура орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне қамауға алу және қосымша шара ретінде белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Жәбірленуші тарап жазалау шарасын соттың қарауына қалдырды.
Сот шешімімен инкассатор 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар, ол 5 жыл мерзімге материалдық жауапкершілігі бар және басшылық қызметтерді атқару құқығынан айырылды. ЖШС-нің азаматтық талабы толықтай қанағаттандырылды.
Айта кетейік, бұл үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.