Қостанай облысында 27 ауыл жарықсыз отыр

Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов өңірдегі жағдай жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда облыс бойынша су тасқыны жағдайы тұрақталды. Негізгі су қоймаларында су ағызу баяулатылды. Мәселен, Қаратомар су қоймасында су ағызу секундына 1 600 текше метр, - деді ол.

Сондай-ақ Жоғары Тобыл және Желқуар су қоймалары бойынша су ағызудың төмендеуі байқалады. Қарасу ауданындағы Тімтуір, Құндызды және Қарасу өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 7-ден 81 см-ге дейін құрады.

Әбеновтің сөзінше, облыстың оңтүстік бөлігіндегі Торғай, Дәмді және Қабырға өзендерінде судың әлі де жоғары деңгейі сақталып отыр. 161 жеке тұрғын үй су астында қалды.

Су басуына байланысты 27 елді мекен әлі күнге дейін электрсіз. Бүгінгі күнде электр бағандары суда қалған, бұл оларды қалпына келтіру жұмыстарын қиындатуда, су кеткеннен кейін жұмыс жалғастырылады. Республикалық маңызы бар 4 және облыстық маңызы бар 3 автожолы жабылды. Көлік қатынасы жоқ 10 елді мекен бар, - деп түсіндірді Арман Әбенов брифингте.

Сонымен қатар халық азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсету жұмыстары жалғастырылып жатыр.

Біржолғы әлеуметтік төлемдер басталды, сондай-ақ демеушілік және гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмек 620 отбасына 114,4 млн теңге сомасында төленді, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы