Қостанайда «Музей түні» акциясы өтті
Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда «Музей түні – 2019» іс-шарасы өтті. Жергілікті жұртшылық облыстық тарихи-өлкетану мұражайында театрландырылған бағдарламалар мен түрлі көрмені тамашалап, шеберлік сағаттарына қатысты.
18 мамыр – халықаралық музей күні. Бұл атаулы күн әлемнің 150-ден астам елінде атап өтіледі.
«Музей түні – 2019» акциясы «Елін сүйген Елбасы», «Қызғалдақтар – Ұлы дала символы» көрмелерінің ашылуымен басталды. Іс-шара одан әрі салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты сахналық қойылымдармен жалғасып, балаларға арналған ойындар ұйымдастырылды.
«Мәдени-ағарту бағытында өткен акциямыз ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын басты тақырып етіп алды. Ерекше түнде көпшілікті салт-дәстүрлермен, металлургияның ежелгі технологиясымен таныстырдық. Сондай-ақ келушілер асық ойнап, атқа мініп, киіз үйдің жабдықтарымен танысты. Оған балалар-жасөспірімдер ұлттық спорт мектебі, «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты, облыстық Ы.Алтынсарин мемориалды мұражайы ұжымы атсалысты», - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Айбике Қазыбаева.
Сонымен қатар, бір топ адам фламенко, зумба, үнді билерінен, йогадан шеберлік-сағаттарына қатысса, жастар жағы караокемен ән шырқап, би билеп көңіл көтерді. «Бабалар келбеті» антропологиялық көрмесі, «Жануарлар патшалығының тәжі» атты эксклюзивті жиынтығы да көпшілікті бейжай қалдырмады. «Музей жәдігерлерін анықтау» интерактивті көрмесіне де қызығушылар аз болған жоқ.
«Аңшылар мен браконьерлер» экобағдарламасы, «Сюрприз» балалар театрының, «ShowBooom» шаттық бюросының таңғажайып қойылымдары жеткіншектерге ұмытылмас әсер сыйлады.