Қостанай фронт-кеңселері оpen-space форматында жұмыс істейді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылдан бастап Қостанай облысындағы фронт-кеңселер Open-space форматында жұмыс істейді. Бұл туралы "Тобыл – көмек алаңы" фронт-кеңсесінің ашылуында мәлім болды.     

Тобыл қаласындағы нысанның ашылуы салтанатына өңір басшысы Архимед Мұхамбетов пен Қостанай облысы бойынша Жемқорлыққа қарсы департамент басшысы Қуаныш Бекбасов қатысты. 

Фронт-кеңсе "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы мен мемлекеттік органдарда "Адалдық алаңы" жобалық кеңселерін интеграциялау жөніндегі кешенді жоспарды орындау шеңберінде ашылып отыр. 

Жобаның мақсаты – мемлекеттік органның жұмысын ашық және халыққа қолжетімді ету. Фронт-кеңселердің қызметі түрлі кедергілер мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған, - деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. 

Облыстағы қала-аудандардың әкімдіктерінде жұмыс істейтін кеңселер азаматтардың өтініштерін қабылдап, мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастырады. Азаматтарға кеңес беріп, заңгерлік көмек көрсетеді. Барлық жұмыс қашықтан жүргізіледі. 

Тұрғындарға көмек көрсету алаңдары 2019 жылдан бері Қостанай, Рудный қалалары мен Бейімбет Майлин ауданында жұмыс істеп тұр. Осы жылы Науырзым, Амангелді, Жангелдин, Әулиекөл және Денисов аудандарында іске қосылмақ. 

Мұндай кеңселер қазір өте қажет. Себебі, бүгінде елдегі жағдайды ескере отырып, біз жаңа өзгерістерге бейімделіп, онлайн жұмыс форматына көшеміз. Басты басымдық – азаматтарға қолайлы жағдай жасау, – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасов. 
Биыл облыстың барлық қаласы мен ауданында "Көмек алаңы" кеңселері оpen-space форматында жұмыс істейді. Департамент басшысының айтуынша, бұл, ең алдымен, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді және халыққа көрсетілетін қызмет сапасына оң әсер етеді.

Анықтама үшін қоса кетейік, оpen-space форматында жұмыс істейтін кеңселерде ешқандай жеке кабинет болмайды. Қызметкерлер бөлек-бөлек отырып, халықты ашық алаңда қабылдайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы